Мемлекет басшысы заңнаманы «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес келтіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Өзгерту: 03.01.2019

27 желтоқсан, 2018. Алматы. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бұйрығымен Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды тағайындалды. Жаңа басшысы ұжымға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова таныстырды. 

Театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Азамат Сатыбалды Жамбыл облысында дүниеге келген. 1997 жылы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына оқуға қабылданған. 2001 жылдан Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қызмет атқарады.  Ұлттық классика мен заманауи драматургияда: М.Әуезовтің «Абайында» Айдар, «Қарагөзінде» Нарша (реж. Б.Атабаев), «Еңлік-Кебегінде» Кебек (реж. Х.Әмір-Темір), Д.Исабековтің «Жаужүрегінде» Долгоносов (реж. Е. Обаев), Ғ.Мүсіреповтің «Махаббат дастанында» («Қозы Көрпеш-Баян сұлу») Қозы (реж. Қ.Сүгірбеков), Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесінде» Құмар (реж. Б.Атабаев), Т.Нұрмағанбетовтің «Қожанәсір тірі екенінде» Түрікмен (реж. О.Кенебаев), «Ескі үймен қоштасуында» Доскел (реж. Е.Обаев), Ә. Таразидің «Ақын…Періште…Махаббатында» Медбрат (реж. Ә.Рахимов), И.Сапарбайдың «Қыз мұңы» қойылымында Ғазиз (Реж. Е.Обаев, Т.Аралбай), Е.Жуасбектің «Күлеміз бе, жылаймыз ба?» комедиясында Коля (реж. М.Ахманов), Т.Әбдіковтың «Ардагерінде» Ұлы (реж. Е.Обаев, Е.Нұрсұлтан), Р.Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарысында» Бейбарыс (реж. Ю.И.Ханинга-Бекназар) және т.б., әлемдік классика мен заманауи драматургияда: Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» Тибальт (ауд. Ә.Кекілбаев, реж. О.Салимов), «Гамлетінде» Гамлет (реж. Ю.Ханинга-Бекназар), Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» Эгмонт Клаузен (реж. Р.Андриасян) және т.б. рөлдерді сомдаған. Театрдың дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалінің бірнеше мәрте жүлдегері. «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Қарсы тексеріс» фильмінде Дәулет, «Дәрігер Ахметовада» Дәрігер, «Қарашаңырақ» телехикаясында Әлішер т.б. ойнады.  Белгілі актер «Хабар» телеарнасындағы «Көшбасшы» және «Таң қалмаңыз…», «Іске сәт» бағдарламаларының жүргізушісі ретінде де жақсы танымал.

Өзгерту: 28.12.2018

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінде белгілі ғалым-этнолог, Түрік Республикасы ЮНЕСКО Ұлттық Комиссиясының Төрағасы, «Milli Folklor» атты Томсон Рейтер базасы ғылыми журналының бас редакторы, профессор Ожал Оғыздың қатысуымен «Фольклордың этникалық функциясы»  семинары өткізілді.

Семинардың ашылуында Орталық мемлекеттік музей директоры Нұрсан Әлімбай фольклорды зерттеу мәселелеріне және халық санасында шаруашылық, рухани, мәдени қызмет тәжірибесінің ауызша түрде сақталып қалған оны зерттеу маңыздылығына назар аударды.

Тарих және мәдениет теориясы, халық мәдениетінің генезисі мен даму, мәдени құндылықтардың қалыптасу үдерісі мәселелерін зерттеуде маңызды және қажетті жолдардың бірі ретіндегі халық білімін зерттеудің көкейтестілігі мен қажеттілігі айқындалды.

Семинардың негізгі баяндамашысы профессор Ожал Оғыз өз сөзінде халық мәдениеті – фольклордың түрлі бағыттарын қолдау, жаңғырту мен дамыту мәселелеріне көңіл бөлді. Нәтижелері халық білімін зерттеу мен насихаттауға дерекнамалық негіз бола алатын және болуы тиіс дала жұмыстарының түрлеріне – фольклорлық экспедицияларға, сонымен қатар халық ісмерлерін, шеберлерін, фольклордың ауызша түрлерін (өлеңдерді, эпостарды және басқаларын) орындаушыларды қолдауға ерекше назар аударды. Профессор Ожал Оғыз меңгерушісі болып табылатын Хажы Байрам (Анкара қ.) университеті халық білімі кафедрасының  жұмыс тәжірибесі семинарға қатысушылардың зор қызығушылығын туғызды. Профессор кафедра қызметкерлерінің ғылыми-практикалық қызметі туралы айтып берді. Олар халық шеберлері мен орындаушыларын қамти отырып, жастармен, балалармен жүйелі түрде дәрістер өткізіп тұрады және осылайша өскелең ұрпаққа халық білімін береді. Мұндай сабақтастық жастардың бойында мәдениет пен тарихқа деген құрмет сезімін тәрбиелейді, сондай-ақ халық өнеріне үйрену мен меңгеру ниетін оятады.

Семинар жұмысына белгілі түрік және қазақстандық ғалымдар – Қазақ-түрік Еуразиялық институтының директоры, доцент Вакур Сумер, п.ғ.д., профессор С.М. Борбасов, ф.ғ.д., профессорлар Н. Уәли және Р.Шойбеков,  т.ғ.д., профессорлар М.С. Ноғайбаева, А. Қалыш, Т. Қартаева және басқалары қатысты.

Семинарға музейдің ғылыми қызметкерлері, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих, археология және этнология факультетінің оқытушылары, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қызметкерлері және жас ғалымдар қатысты.

«Фольклордың этникалық функциясы» ғылыми семинарына қатысушылар халық мәдениеті құндылықтарының әмбебап иеленушісі ретіндегі фольклордың генезисі мен  қалыптасу, даму және сабақтастық мәселелері бүгінгі таңда аса көкейтесті және олардың шешілуі халықтың тарихи-мәдени мұрасын жаңғырту мен сақтаудың міндетті талабы болып табылады деген пікірге бірауыздан келді.

Өзгерту: 27.12.2018

27 желтоқсан, 2018. Алматы. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бұйрығымен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Әбдіқалықов тағайындалды.

Жаңа басшыны ұжымға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова таныстырды.

Сәбит Әбдіxалықов Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1992 - 1996 жылдары «театр және кино актері» мамандығы бойынша Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. 2009 жылы Біліктілігін арттыру мақсатында «New York Film Academy» USA қосымша білім алған. 2013 – 2015 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «өнертану ғылымдарының магистрі» дәрежесін алды. 2006 – 2007 жылдары «Қазақ әуендері» АҚ филиалының “Қазығұрт” эстрада театрының жетекшісі қызметін атқарды.  2008 – 2012 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының шығармашылық орталығының жетекшісі болды. 2008-2011 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының аға оқытушысы, 2012-2013 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор міндетін атқарушысы. 2013 жылы ОҚО Мәдениет басқармасының «Оңтүстік-Цирк» МКҚК директоры қызметін атұарды. 2014 – 2015 жылдары «Салтанат Мемлекеттік би ансамблінің» директоры, 2015 жылдан Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры қызыметін атқарады.

Өзгерту: 28.12.2018

Желтоқсанның 29, 30 және 31 күндері Үлкен зал сахнасында «Астана Опера» құттықтайды» мерекелік кеші өтеді. «Астана Операның» жетекші солистері, симфониялық оркестрі мен хоры театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен өнер көрсетеді.

Танымал дирижер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев әлемнің түрлі елдерінде жаңа жылдық бағдарламаларымен жиі өнер көрсетуде. Биыл маэстро отбасылық керемет мейрамды туған елінде атап өтпек. Әлемдік сахналарда жаңа жылдық концерттерді өткізу тәжірибесіне ие маэстро Астанадағы ауқымды шығармашылық жоспарды жүзеге асыруға ерекше құлшыныспен кірісті.

- Жаңа жыл қарсаңында әрбір жан ғажайып, ерекше сиқырды күтеді. Менің қалауым – адамдарға мереке, қуаныш, керемет көңіл-күй сыйлау. Театрымыздың сахнасынан тыңдарманымыздың әлі де көрмеген айрықша бір дүниесін жасағымыз келеді. Осы жылы концерттің негізгі тақырыбы оперетта жанры болмақ. Опереттаның Алтын ғасырына жататын И.Штраустың шығармалары, сонымен қатар опереттаның Күміс ғасырында өнер сүйер қауымды тамсандырған хас шеберлер – Ф.Легар мен И.Кальманның туындылары шырқалады. Дәстүр бойынша, Жаңа жыл алдында осынау ғаламат музыканы көптеген атақты еуропалық ұжымдар орындайды. Біздің концертімізге келген көрермен солистерімізді басқа қырынан таниды деп ойлаймын. Бұл күндері бәріміз, оркестр, хор әртістері, солистеріміз елорда тұрғындары мен қала қонақтарын құттықтайтын боламыз, - деп атап өтті атақты маэстро Алан Бөрібаев.

«Астана Операның» жетекші солистері, операның жарық жұлдыздары – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дина Хамзина, Жұпар Ғабдуллина, Айгүл Ниязова, Сүндет Байғожин (ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты), Медет Шотабаев, Талғат Мұсабаев, Жанат Шыбықбаев, Жан Тапин, Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян, Башқұрстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова, халықаралық байқаулардың лауреаты Талғат Ғалеев және т.б. өз өнерлерін тыңдарманға паш етпек. Сондай-ақ концертке театрдың жарқын да керемет солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, халықаралық байқаулардың лауреаттары Айзада Капонова, Бейімбет Таңарықов, Евгений Чайников, Салтанат Мұратбекова, Галина Чеплакова, Мәдина Исламова, Елена Ганжа, Малика Минизини, Назым Сағынтай, Рамзат Балакишиев, Шыңғыс Расылхан, дарынды жас вокалистер, халықаралық байқаулардың лауреаттары Ержан Саипов, Александр Красиков, Ерұлан Кәмел, Руслан Совет, Мағжан Аманжолов және т.б. қатысады.

Қызықты да тартымды бағдарлама С.Мұхамеджановтың «Айсұлу», В.А.Моцарттың «Сиқырлы флейта», Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз», Ж.Бизенің «Кармен» сынды опера жауһарларының, Л.Бернстайнның «Вестсайд оқиғасы», Ф.Лоудың «Моя прекрасная леди» мюзиклдерінің ария, дуэттерінен, И.Штраустың «Жарғанат», Ф.Легардың «Веселая вдова», «Джудитта», «Страна улыбок», И.Кальманның «Королева чардаша» және т.б. атақты оперетталардың көріністерінен тұрады. Л.Хамидидің «Қазақ вальсі», Жаяу Мұса Байжанұлының «Ақ сиса», Дж.Россинидің «Тарантелла», А.Зацепиннің «Весенние голоса», «Вальс о весне», Э. де Куртистың «Вернись в Сорренто» неополитандық әндері, Э. ди Капуаның «О Sole Mio», Э.Каннионың «Влюбленный солдат», джаз туындыларынан құралған попурри және т.б. шырқалады.

Өзгерту: 27.12.2018
FaLang translation system by Faboba
Мы в социальных сетях